Кітапхананың жұмысы мен жетістіктері
Кітап – ең сабырлы ұстаз
Өзінің биік, таза, рухани қасиетімен Кітап – мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару болып табылады.
Кітап – адамзат баласына ағарту һәм білім сыйлай береді.
Кітап беттерінде адамзат тіршілігінің сан қилы құпия сырлары сақталған.
Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі.
Адамзат кітапқа өзінің қасиетті сезімі мен жан жылуын сеніп тапсырған. Кітап біздің алға жылжуымызда, катаклизмдерден арылуымызда, адамгершіліктің биік шыңына көтерілуде өлшеусіз ақыл қосады.
Кітап – ең сабырлы ұстаз.
Тек кітап қана қайырымдылық пен айуандықтың, ақиқат пен жалғанның ара жігін айнытпай танып білуге үйретеді.
Кітапты аялайық, құрметтейік, кітапқа адал болайық!
Нұрсұлтан Назарбаев
Кітап оқуды насихаттаудың заманауи әдістері :оқитын адам – ойлаушы тұлға
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Яғни олардың қатарына еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енетін болады.
«Оқуға құштар мектеп» жобасының мақсаты:
Өскелең ұрпақтың оқу сауаттылығы мен оқу мәртебесін, оқу белсенділігін және оқу сапасын арттыру,балалардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамыту, сонымен қатар жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік бағдарларды қалыптастыру.Еліміздегі кітапханалар ахуалы мен көркем әдебиеттерге деген оқушылар мен жастардың қызығушылығын арттыру болып табылады.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов :«Оқу – біздің балаларымыздың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы.
Біріміз кітапты ой-өрісті кеңейту үшін оқысақ, біріміз – жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Арамызда кітап оқып, демалатындар да бар. Қандай себеп болмасын, оқу сауаттылығы дағдыларын дамыту маңызды.
Оқу ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі, жалпы, адамды тәрбиелейді және рухани байытады.
Кітап оқуға бала кезден баулу керек. Адамның әдебиетке деген махаббаты сол балалық шақтан пайда болады»- деген еді.
Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл – ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» - деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. Міне осы асыл қазынаны оқу қазіргі таңда төмендеп отыр. «Кітап маған тақтан да қымбат», - деп атап көрсеткен Шекспир. Өкінішке орай көркем әдебиетке деген өз бетімен балалардың қызығушылығы азайды. Әдебиетке деген құлықсыздық пайда болды. Оның себептерін күнделікті қолданысқа енген ғаламтор , компьютер секілді құралдардың әсері деп білеміз. Бұдан соңғы себеп, аттаған әр қадамыңыз ақша керек болатын күнделікті тіршілік қамы адамдардың кітапқа деген ынтасын төмендетіп жіберетіндігі. Бала кітап оқып, ойын қорытудың орнына теледидардан дайын өнімдерді көруге бейім. Мұның барлығы балалардың кітап оқуына үлкен кедергі келтіреді. Ал ата – аналар тым жұмысбасты. Баланың теледидар қарауын белгілі бір уақытқа ғана шектеп, кітап оқуына арнайы көңіл бөліп, қадағалап отыруға олар уақыт таппайды. Әрине, мұны жауап деуге де келе қоймас, өйткені, бұл себеп көзіқарақты адамның бәріне мәлім. Қоғамымыздың рухани әлемін жұтаңдатып әкетіп бара жатқан осы мәселеге ден қоюымыз да тегін емес. Мақсатымыз – кітап неге оқылмайды деген сауалдың жауабын жан – жақты іздеу. Қазақ балаларын қазақ әдебиетінен алыстатып алмаудың амалын бірлесіп табу. Кітапқа деген баланың қызығушылығын арттыру. Менің ойымша, қазіргі кезде оқырман баланың қызығушылығын арттыру үшін «балабақша - мектеп – кітапхана – мұғалім – ата – ана» деген ара – жігі ажырамайтын схемамен жұмыс жасау қажет. Бала балабақша табалдырығын аттаған күннен бастап кітаптың құдіретін ұғындыру. Жыртпауға, сызбауға, боямауға үйрету. Бірінші сыныпта өзінің алғаш бастап оқыған пән оқулығы туралы мағлұмат беру. Мысалы: мектептегі бірінші сыныпта әліппе пәнін оқып бітіргеннен кейін кітапханашылар мұғалімдермен тығыз байланыстағы бағдарламаны жыл көлеміне ұйымдастырса. Кітапханашыларға көмекші ретінде оқушылар арасынан кітапханашыларды сайлап қойылды. Барлық оқушы кезекпен кітапханашы болып шыққаны дұрыс. Акцияға кезекші баланың ата – анасының біреуі айына бір – рет баласының жұмысын кітапхана келіп көрсе, танысса. Мүмкін болған жағдайда бірге бір күн жұмыс жасаса. Ол апта сайын ауысып, кезек келе береді. Бұл жұмыс оқушылардың кітапханаға деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын. Олар өзімен бірге басқа оқушыларды тартары сөзсіз. Кітапханаға деген дұрыс көзқарасы қалыптасып өседі, кітапты ұқыптап ұстауына, уақытында алған кітапты қайтаруына, кітпаханашы маманыдығына деген үстірт ой, жаңсақ мінез қалыптаспауына болысады. Сыныптың білім сапасы жоғарылайды, жолдастық сезімі оянады. Ата – ана жауапкершлігі артады. Қорытынды шығарылып «Кім көп кітап оқыды?», «Кім жылдам?» деген сайыстар өткізу. Сайыста зейінді, жылдам, оқымысты, мәнерлеп оқитын, сауатты оқушыны аңғарып мадақтау.
Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Осыған орай еліміздегі бірден-бір рухани қазына ордасы – мектеп кітапханасының алар орны зор. Мектеп кітапханасы бүгінгі жаңартылған білім мазмұнының ресурстық орталығы. Өскелең ұрпақтың талаптарын қанағаттандыру, рухани байлығы мен жалпы қабілетін дамыту тұрғысында мектеп кітапханасының қосар үлесі бар.
Жаңартылған білім бағдарламасының мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушыны өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірде қолдана білуге баулу. Осы орайда бұрыннан ұйымдастырылып келе жатқан «Оқырмандар конференциясы», «Оқырман күнделігі» сияқты әдістермен қатар кейін пайда болып, әсіресе, былтырдан бері ұйымдастырылып жатқан «Буктрейлер», «READx» тәсілдерін де қолданысқа енгізсек, жаңартылған білім бері мазмұнының міндеттерін орындауға атсалысар едік. Бұл әдістер жаңартылған білім мазмұнының талабына орындауға негізделген тәсілдер деп ойлаймын.
Биыл мектеп оқушылары арасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Үздік кітапхана», «Үздік кітап оқитын мектеп», «Үздік буктрейлер», «Үздік READx» т.б. байқаулары ұйымдастырылды. Байқауға қатысу үшін мұғалім, кітапханашы, оқушы тарапынан ізденіс жұмыстары көбірек жүргізілді. Әсіресе, «Буктрейлер», «READx» атаулары бұрын -соңды беймәлім болып келгендіктен, жұмыстың жасалуында біраз қателіктер бой алдырды.
Буктрейлер – белгілі бір кітап туралы көркем түрде әңгімелейтін қысқа бейнеролик. Бұл бейнероликтердің мақсаты – визуалды құралдар арқылы кітаптарға көңіл аудартып, жарнама жасау және оқуға үгіттеу. Ондай бейнероликтерге классикалық шығармалармен қатар заманауи кітаптар да түсіріледі.
READx – тыңдаушыларға, оқушылар мен мұғалімдерге оқыған кітаптарының тың идеяларымен бөлісуге, өздері үшін қажетті дүниелер естуге, және ынталандыратын, кітап оқуды ұнататын белсенді оқырмандардың оқу алаңы. Бұл екі тәсілдің айырмашылығы: Буктрейлер кітап мазмұнын қысқаша таныстырып, жарнамалайды. Алайда оқуды насихаттағанымен, оқырманды міндеттемейді. Ал READx өзі оқыған кітапты өзгеге оқытуға тырысады, барынша жарнамалай отырып, оқырмандардың сол кітапты анағұрлым көп оқығанын қалайды. Өйткені бұл тәсіл дебат байқауына ұқсайды. Қалайда жеңіп шығу үшін спикерлер барынша жарнаманың сапалы шығуына назар аударады және анағұрлым көп оқырман жинауға тырысады. Сондықтан жарнама барысында оқырманның кітапты оқи отырып, қандай сезімде болатынын, өмірмен байланысы қандай, кітапты оқығанда өзіне қандай керекті дүниелерді таба алатындығы туралы қызықты етіп баяндайды. Байқау соңында «Оқимын», «Ойланамын» деген жазулар арқылы оқырманы көп спикер жеңіске жетеді. Бірақ бұл байқаулар биыл карантин талаптары бойынша онлайн ұйымдастырылды. Сол байқаулардан облыстық деңгейде жеңімпаз атанған жұмыстарды көрсетейін. Өткен оқу жылында «Үздік кітапхана» байқау-шеруі ұйымстырылды.
Қазіргі таңда ауданымыздың барлық мектептерінде «Оқуға құштар мектеп» бұрыштары ұйымдастырылған. Кітапханаға келуші оқырмандардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында кітапты насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Биылғы жылы халық ақыны Ж.Жабаевтың 175 жылдығы аталып өтілуде. Кітапханалар тарапынан да арнайы бұрыштар, буктрейлер, оқырмандар конференциясы, мәнерлеп оқу байқаулары ұйымдастырылып, іс-шаралар жоспарға сай жүргізілуде.
Сонымен қатар Мұқағали Мақатаевтың да мерейтойына арналған іс-шараларда мектеп оқушылары жоғарғы деңгейде атсалысуда. Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен көркемсөз байқауында аудан тұрғындары арасында орта мектеп оқушыларының жеңіске жетуі соған дәлел болса керек. Бұл да кітапханашылардың нәтижелі жұмысы деп білемін.
Былтырғы оқу жылының ең қызықты, , жұмысымыздың нәтижесін көрсететін, мол жауапкершілік арқалаған шешуші байқау кітапханашылар үшін «Ең үздік кітап оқитын мектеп» байқауы болды. Үш кезеңнен тұратын осы облыстық байқауда Меркі ауданының мерейі үстем болып,М.Мәметова атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы Рақымжан Нұрай жүлделі І орын иеленді. Бұл да мектеп кітапханашысының қызықты да жүйелі жұмыстарының нәтижесі деп білемін.
Мектеп кітапханалары жаз айларында да өз жұмысын тоқтатқан емес. Жазғы демалыс уақытын кітап оқумен өткізетін оқырмандарды қажетті кітаптармен қамтамасыз етіп отырады.
Кейінгі жылдары өте жақсы жолға қойылған іс-шараның бірі –«Ауылыма-кітап» акциясы. Біздің ауданның кітапханашылары да бұл іс-шара аясында қыруар жұмыстар жүргізді. Кітап қорының еселенуіне өзіндік үлесін қосатын азаматтарды іздестіріп, оқырмандарға табыла бермейтін кітаптардың қолжетімді болуына өзіндік үлесін қосты. Жомарт жандардың арқасында мектебімізге жалпы саны 48 кітап мектеп сөрелерінен орын тапты.
Ағымдағы оқу жылының жоспарына сәйкес қазіргі таңда аудан кітапханаларында «Coworking», «Bookсrossing» орталықтары ашылуда. Бұл жұмыс әлі өзінің жалғасын табады.
Сонымен қатар дәл қазіргі уақытта «20 минут кітап оқы» үздік бейнеролик байқауы ұйымдастырылып жатыр.
Мектеп кітапханасы оқушылардың шығармашылық жұмыстары мен шұғылдануына көп ықпалын тигізеді. Кітапханада көптеген іс-шаралар өткізіліп, көрмелер ұйымдастырылады.

«Кітап – рухани байлық»,«Кітап оқи білесің бе?»әңгіме (2,3 сынып оқушыларымен).
Кітапхана- рухани жаңғыру жолында:оқырман,кітап оқы!аудандық семинар өткізілді."Қазақстан-ZAMAN" ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Сауле Мешітбайқызы мектебіміздің қонағы болды. Кездесуде Сәуле Мешітбайқызымен қазіргі заман талабы, Елбасымыздың жолдауымен жүзеге асырылып жатқан рухани жаңғыру, тіл мәселесі, ұлттық құндылықтар туралы әңгімелесіп, ерекше сезімге бөленіп, көкейде жүрген көптеген сұрақтарға жауап алғандай болдық. Ұстаздармен және болашақ жас түлектермен сұхбат жүргізіп білімге деген құлшыныстары жоғары болуына тілек білдірді. Сауле Мешітбайқызы алғашқы ұстаздық еңбек жолын осы М.Мәметова атындағы № 13 жбб мектебінде үлкен қуанышпен жеткізді.
«Ерлік- елге мұра, ұрпаққа ұран» Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу кеші.
Кітапханашының республикалық, облыстық, аудандық жетістіктері
Алтын алма, алғыс ал
№ | Жетістіктер | Марапаттар | Алған жылы |
1 | Алматы қаласы (республикалық) | ҚР Білім және ғылым министірлігінің мақтау қағазы 2014 жыл | 2014 жыл |
2 | Алматы қаласы (республикалық) | ҚР Білім және ғылым министірлігі Республикалық Ғылыми-Педагогикалық Кітапхана. Мақтау қағазы | 2015 жыл |
3 | Алматы (республикалық) | ҚР Білім және ғылым министірлігі Республикалық Ғылыми-Педагогикалық Кітапхана Диплом | 14 мамыр 2015жыл |
4 | Алматы (республикалық) | Жас зиялыларға арналған «Мөлдір бұлақ» танымдық журналының Алғыс хатымен марапатталды | 2015 жыл |
5 | Алматы (республикалық) | «Жаңа ғасыр таланттары» интелектуалды-олимпиадалық, шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Әлем таныған Абай!» атты Республикалық байқауда көркем сөз жаныры бойынша, жас дарындыға жетекшілік еткені үшін құрмет грамотасымен марапатталған | 2020 жыл |
6 | Шу ауданы (облыстық) | Жамбыл облысы Шу ауданы М.Х.Дулати атындағы орта мектебінде «100» интелектуальды ойынында бас жүлде иеленгені үшін марапатталды | 2017 жыл |
7 | Тараз қаласы (облыстық) | Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті. 26 ақпан 2015 жыл | |
8 | Тараз қаласы (облыстық) | «Ең үздік кітап оқитын мектеп» атты облыстық байқаудың жеңімпазы үшін Алғыс хат жарияланған. | Тараз қаласы. 2021 жыл |
9 | Тараз қаласы (облыстық) | Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының құрмет грамотасымен марапатталды. | Тараз қаласы. 2021 жыл |
10 | Меркі ауданы | «Ерлік- елге мұра, ұрпаққа ұран» атты ардагерлерімен кездесу кеші өткізіліп грамотамен марапатталдым. | 15 ақпан 2019 жыл |
11 | Меркі ауданы | Меркі ауданы әкімдігінің білім бөлімі «Ең үздік кітап оқитын мектеп» І орын алғаны үшін дипломмен марапатталды. | 2020 жыл |
12 | Меркі ауданы | Қазақстан Республикасы Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы аясында ұйымдастырылған аудандық «Үздік буктрейлер» онлайн-байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталады. | Мерке. 2021 жыл |
13 | Меркі ауданы | Аудандық тамыз кеңесінің алғысхатымен марапатталды. | Меркі 2021 жыл |
Оқушылардың жетістіктері
№ | Жетістіктер | Марапаттар | Алған жылы |
1 | Алматы қаласы (республикалық) | «Жаңа ғасыр таланттары» интелектуалды-олимпиадалық, шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Әлем таныған Абай!» атты Республикалық байқауда көркем сөз жанры бойынша жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін І орын дипломмен Тоқтағұлова Арунай марапатталған | 2020 жыл |
2 | Тараз қаласы (облыстық) | «Ең үздік кітап оқитын мектеп» атты облыстық байқаудың жеңімпазы Рахымжан Нұрайым І дәрежелі дипломмен марапатталған. | Тараз қаласы 2021 жыл |
3 | Тараз қаласы (облыстық) | «Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналады» атты буктрейлер байқауы бойынша Махметжан Гүлназ І орын дипломмен марапатталды. | 2021 жыл Тараз каласы |
4 | Тараз қаласы (облыстық) | Облыстық 5-7 сынып оқушылары арасында «READx» кітап оқу байқауының І орын дипломымен Есеналы Өткір марапатталған. | 2021 жыл Тараз каласы |
5 | Меркі ауданы | Аудандық 8-10 сынып оқушылары арасында қашықтықтан «READx» байқауында ІІ орын алған 8 сынып оқушысы Әбдіқадір Арзуми дипломмен марапатталған. | Мерке 2021 жыл |
6 | Меркі ауданы | Аудандық «Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналады» атты буктрейлер онлайн байқауы бойынша Махметжан Гүлназ І орын дипломмен марапатталады. | 2021 жыл Мерке |
Қорыта айтқанда, қазіргі кезде қоғамымыздың дамуына қарай ақпаратты жан-жақты алу аудио, видео, интернет жүйесі арқылы мүмкіндік туғанымен кітапхана арқылы әдеби кітаптарды оқи отырып, алған білім мен сауаттылықтың орны ерекше. Білімнің көзін ашып, ең алғаш ғылым саласын таңытқан, оқытып-үйреткен - кітап. Әр ұлттың, елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де - кітап болатын. Сондықтан да, "кітап әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі", - дейді Горький. Онда біз әлі білмейтін, естіп оқымаған қыр-сыры көп. Оны тек кітаппен дос болған адам ғана құпиясын ашып, ғажабын танып біле алады.
«Адамды адам еткен-кітап, адамзат еткен - кітапхана»,- деп Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы, кітап - жансарайыңды байытар жалғыз қазына. Сол қазынаның рухани мекені -кітапхана. Кітапханамыздың іші оқырманға толсын. Кітапқұмар оқырмандарымыз көбейсін.
Мен кітапхананы ақыл, білім, адамгершілік ордасы деп білем. Ал кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті ең асыл құндылықтың ең жанкешті сақшылары деп есептеймін-, деген екен Әбіш Кекілбаев.